Жеке куәлікті ауыстыру мерзімін өткізіп алмаңыз
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке куәліктер мен төлқұжаттардың мерзімін жиі тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін ХҚО-ға кезекті алдын ала брондап қою керектігін ескертеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға беріледі. Ауыстыру мерзімі ұзақ болғандықтан адамдар оны жиі ұмытып кетеді. Ал бұл үшін әкімшілік айыппұл салынады.
Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін кезекті алдын ала брондау тәртібі енгізілген.
- Құжат мерзімін тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін алдын ала қамданып, кезекті брондап қойған жөн. Мемлекеттік қызметтердің дені электрондық портал арқылы ұсынылса да, тек қағаз жүзінде берілетін қызметтерге де сұраныс жоғары, сондықтан ХҚО-ға кезекті брондау қарқыны да үлкен. Бұл тұрғыда еске салайық, ХҚО-ға кезекті брондау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм-бот EgovKzBot2.0 қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.
Жеке басты куәландыратын құжатты мерзімі өтуіне, аты-жөнін өзгертуіне, құжаттың зақымдалуы мен жоғалуына байланысты қайта алу үшін Қазақстанның кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады. Бұл орайда азаматтың тіркелген тұрғылықты мекен-жайы маңызды емес. Ал жеке куәлікті алғашқы рет алатын азаматтар, яғни 16 жасқа жаңа толып жатқан тұлғалар тіркелген тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға баруы тиіс.