Көп балалы отбасыларға көңіл бөлінуі тиіс – Мұхтар Төлеген
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс өңірінде праймеризге үміткерлерді тіркеу қызу жүріп жатыр. Сағат 12.00-дегі мәлімет бойынша, өтінім берген 101 адамның 51-і үміткер ретінде тіркелді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Үміткерлердің бірі – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD) Мұхтар Төлеген.
Мен «Nur Otan» партиясының мүшесімін. Жасым 40-та, дәл қазір қорғашан орта, тұрмыс, отбасы, бала тәрбиесі, еңбек мәселелері мен саясат туралы адами көзқарастарым толық қалыптасқан шақтамын. Қазақстан Республикасының білім және ғылым жүйесі бойынша жеткілікті тәжірибем бар. Сондықтан праймеризге қатысуға және өз кандидатурамды ұсынуға дайынмын деп есептеймін. Менің көзқарастарымның негізінде «Nur Otan» партиясының бағдарламалық құжаттары, ел мен өңір басшылығы және тұрғындары сүйенетін маңызды мемлекеттік бағдарламалардың басты тұжырымдары жатыр.
«Nur Otan» партиясының мүшесі, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың алға қойған бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға белсене атсалысамын. Еліміздегі кез-келген жағдайға немқұрайлы қарамайтын адаммын. Біздің Отанымыз өркендеп, дамуы, ал заң шығарушы, атқарушы және сот органдары барлық әлеуметтік топтардың мүдделеріне – балалар мен қарттарға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге ерекше назар аударуы тиіс. «Заңдылық, сапа, тұрақтылық – гүлденген өмірдің кепілі» деген сөздер біздің бүгінгі ұранымызға айналуы керек, – дейді Мұхтар Әділбекұлы.
Айта кетейік, үміткерлерді қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады.