Осинов асуын айналып өтетін жол биыл жөнделіп бітпейді
Осинов асуының серпантиндерін айналып өтетін жол биыл жөнделіп бітепейді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өңір тұрғындары Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары көлік жолы жөнделеді деп көптен бері күтіп жүргені шындық. Алайда айналма жолды жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.
– Жоба бойынша бұл жолдың 56-ншы және 72-нші шақырымдары аралығындағы 11-12 шақырым жол бөлігі жөнделуі тиіс. Оның 7,7 шақырымына кесек түйіршікті асфальтбетон төселді. Қазір Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының тоқтатылуына байланысты учаске жабылды. Сондай-ақ 72-нші және 88-інші шақырымдар аралағындағы учаскеде 15,6 шақырым жол жөнделуі тиіс болатын. Оның 9,9 шақырым толық жөнделіп, көлік қозғалысы қалпына келді. Қазіргі уақытта мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттың бұзылуына байланысты учаскедегі жұмыстар тоқтады, – деп мәлімдеді «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның ШҚО бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Олжас Ахметов.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа жол ішінара мемлекеттік орман қорына тиесілі алқаптар арқылы өтеді. Онда жол салу құқығын алу үшін аумақты автокөлікке арналған жер санатына ауыстыру қажет болды. Сол себепті де құрылыс жұмыстары біршама баяулады. Дегенмен бұл мәселе қазір толық шешілген.