Өскеменде дәріханаларды тексеру жалғасып жатыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аймақтық департаменті жанындағы «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі дәріханаларда тексеру жүргізіп, мониторингті жасауды жалғастыруда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бүгін жобалық кеңсе жетекшісі Маржан Бахыт Өскемен қаласының орталық көшелерінде орналасқан дәріханаларға мониторинг жүргізді.
- Көбінесе қала тұрғындары дәріханадағы сөрелерден ыстық түсіретін және вирусқа қарсы препараттарды таба алмай жатады. Дәрі-дәрмек тапшылығының орнын толтыру үшін бізге облысқа басқа өңірлерден және шетелдерден гуманитарлық көмек келіп түсуде. Кеше ғана осындай қолдауды Татарстан Республикасы көрсетті. Өскеменге үш тонна вирусқа қарсы және қабынуға қарсы препараттар жеткізілді. Татарстаннан басқа, бұрын біздің облысқа Ресей Федерациясынан, Катар Республикасынан және басқа мемлекеттерден гуманитарлық көмек көрсетілді. Мұның бәрі коронавирустық инфекциямен күресу үшін облыстың ауруханалары мен емханаларына таратылды, – дейді Маржан Бахыт.
Айта кеткеніміз жөн, жобалық кеңсе дәрілік заттармен қамтамасыз ету, олар бойынша тиісті шаралар қабылдау мәселелерін, гуманитарлық көмектердің келіп түсуі мен таратылуын бақылауда ұстауда.
Естеріңізге саламыз, дәрі-дәрмектің қымбаттағанын байқасаңыз, жемқорлыққа қарсы Call-center 1424-ке қоңырау шалыңыз немесе «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің WhatsApp-нөміріне хабарлаңыз: +7 702 000 24 94 («Adaldyq alańy» республикалық жобалық кеңсесі), + 7 778 474 69 35 («Шығыс – Адалдық алаңы» жобалык кеңсесі).