Биыл ШҚО-да 600-ге жуық көпбалалы отбасы баспаналы болады
Билік жыл сайын халықтың осы санаты үшін салынатын тұрғын үйдің шаршы метр санын көбейтуді жоспарлап отыр
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, өткен жылы ауылдарда тұратын 523 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады. Енді жыл соңына дейін билік осы санаттағы 570 отбасын баспанамен қамтамасыз етпек.
- Біз көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйді ұлғайтуды көздеп отырмыз. Аудан және қала әкімдерінің алдына алдағы айларда мыңдаған шаршы метрден пайдалануға беру міндеті қойылды, - деді аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы. - Бұл азаматтардың осы санаты үшін тұрғын үй мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
Қазір көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін "Бір қабатты Шығыс" жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленуде. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жол, электр қуаты мен сумен жабдықтау жүргізілген орындар анықталды.