Карантин талаптарын бұзғандарға қандай айыппұл салынады?
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарға заң тарапынан жауапкершілік қарастырылғаны белгілі. Айыппұл кімге, қалай салынады? Көпшілікті мазалаған сұраққа Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов кеңінен толыққанды түсіндіріп берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
5 шілдеден бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабына сәйкес, бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 83 340 теңге (30 АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 638 940 теңге (230 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 861 180 теңге (310 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 4 444 800 теңге (1600 АЕК) айыппұл салынады.
Мысалы, егер дүкенде сатушы маскасыз, қолғапсыз сатып алушыларға қызмет көрсетсе, жеке тұлғаға 30 АЕК айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылады. Ал егер кәсіпкерлік нысанында тиісті дезинфекциялық құралдар жоқ болса, айыппұл нысан иесіне, яғни заңды тұлғаға салынады. Айыппұл сомасы кәсіпкерліктің санатына байланысты болады.
Қоғамдық көліктерде жүргізуші, кондуктор санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын ұстанбайтын болса, айыппұл қоғамдық көліктің жұмысшысына салынады. Ал егер автобус паркінің иесі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын орындамаған болса, айыппұл автобустардың иесіне, заңды тұлғаға салынатын болады. Бұл жерде де, айыппұл мөлшері кәсіпкерліктің қандай санатта болуына байланысты.
Жеке не заңды тұлғаға айыппұл салынған жағдайда, төлейтін соманың 50%-ын ғана төлеуге болатын мүмкіндік бар. Ол үшін кәсіпкерлік субъектісі анықталған бұзушылықтардың барлығын мойындап, келісуі қажет. ҚР ӘҚБтК 425-бабына сәйкес, айыппұлды алғашқы 7 тәулік ішінде төлейтін болса, барлық соманың 50%-ын ғана төлейді.
Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтар саны салынатын айыппұл мөлшеріне әсер етпейді.