ШҚО-да дәрігерлердің орташа еңбекақысы 500 мыңға жуықтайды
Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары болады деп мәлімдеді.
Шығыс Қазақстанда қазірдің өзінде дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысының айтарлықтай өскені байқалады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, дәл қазір дәрігерлердің еңбекақысы айына орташа есеппен 500 мың теңге болады.
Шығыстағы дәрігерлердің орташа жалақысы 2020 жылы 285 мың теңгеден сәл жоғары болған болса, өткен жылы 380 мың теңгеден асты. Биыл 494 мың теңге болды.
– Ал 2020 жылы айына 175 мың теңге алып келген орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысы былтыр 220 мыңнан асты. Биыл – 264 мың теңге болды, – деді Гүлмира Сағидуллина.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі медициналық мекемелерде 5400-ден астам дәрігер және 11800-ден астам орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.