15 дәрігерге Президент бұйрығымен марапат табысталды - ШҚО
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген біздің облыстың 15 дәрігеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Думанбек Дауылбеков - Семей қалалық инфекциялық ауруханасының бас санитар дәрігері. Ол облыста инфекция пайда болған алғашқы күннен бастап науқастарды емдеп, әріптестеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетті. Семейдегі инфекциялық ауруханадан 400-ден астам пациент емделіп шықты. Бүгінде Думанбек Семейдегі 240 орындық үш стационардың жұмыс барысын қадағалап отыр.
Думанбек Дауылбеков «Парасат» орденіне лайық деп танылып, марапатталды.
Фомичева Нина Алексеевна коронавирустан 200 адам емделіп шыққан облыстық медициналық орталықтағы инфекциялық бөлімшенің меңгерушісі. 37 жылдық еңбек тәжірибесі бар инфекционист дәрігер өңір тұрғындарына кең ауқымды кеңес беруде. Нина Фомичева «Құрмет» орденімен марапатталды.
Жүнісбаева Төлеуғайша Нәукебайқызы Үржардағы аудандық ауруханада жоғары санатты мейірбике болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі 36 жылдан жоғары. Ол кейбір жағдайда білімі мен іс-тәжірибесінің арқасында дәрігердің орнын алмастыра алады. Төлеуғайша Нәукебайқызы Үржар ауданындағы провизорлық стационарды дайындауға белсене қатысты. Осы үшін Төлеуғайша «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды.
Висмер Татьяна Валентиновна - Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Шемонайха аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарады. Ол қызмет барысында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау шараларын жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруды, санитарлық-гигиеналық және індетке қарсы алдын алу шараларын жүргізуді нәтижелі және мақсатты түрде қамтамасыз етеді.
Татьяна Валентиновнаға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Куризова Нина Евгеньевна - ШҚО-дағы ана мен бала орталығындағы балалар инфекциялық бөлімшесінің меңгерушісі. Ол өңір тұрғындарына инфекциялық аурулардан қалай сақтану керектігі жөнінде кеңес беруден еш жалыққан емес.
Нина Евгеньевна үнемі мамандығы бойынша біліктілігін жоғарылатып отырады. Басты мақсат - балаларды қорғау.
Ол қаншама жылдар бойғы атқарған қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мырзағараева Гүлмира Жылқаманқызы - Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Риддер қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы. Ол көп жылдық тәжірибесінің арқасында індетке қарсы алдын алу шараларын жүргізуді нәтижелі және мақсатты түрде қамтамасыз етеді. Гүлмира Жылқаманқызына жылдар бойғы сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.
Муратова Ольга Ивановна - жедел жәрдем бригадасының фельдшері. Ол BLS, ACLS, PALS, PHTLS сынды халықаралық стандарттар бойынша науқастарға көмек көрсете алады. Ольга Ивановна коронавирустық инфекция (COVID-19) жұқтырған жәнк оған шалдығу мүмкін деген адамдарға барып, медициналық көмек көрсетуде белсенділік танытты. Осы үшін оған «Шапағат» медалі табысталды.
Жақыпова Гүлжан Төлегенқызы - Семей қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері. Ол коронавирустық инфекцияға шалдыққан және вирус жұқты деген күдікпен жатқан адамдарға кеңес беріп, ем жасауда.
Гүлжан Төлегенқызы осындай қиын кезеңде жан аямай еңбек еткені үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сабаева Анастасия Михайловна - Өскемендегі № 4 қалалық аурухананың мейіргері. Ол коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеу мақсатында провизорлық бөлімшеде тынбай жұмыс істеуде. Анастасия Михайловнаның бұл еңбегі елеусіз қалмады. Ол Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын иеленді.
Фрик Надежда Сергеевна - Семей қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасының фельдшері. Ол теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білген таптырмас маман. Надежда Сергеевна жастарға ақыл-кеңес беріп, жол көрсетуден жалыққан емес. Оның жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, «Шапағат» медаліне лайық деп танылды.
Нечаев Иван Георгиевич - Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының екінші деңгейлі анестезиолог-реаниматолог дәрігері. Науқастарға консультативтік және тәжірибелік көмек көрсетеді.
Еңбекқор маман ретінде көзге түскен Иван Георгиевич Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына ие болды.
Фомичева Нина Алексеевна - Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығындағы инфекциялық бөлімшенің меңгерушісі. Жоғары білікті инфекционист дәрігер. Өңірдегі барлық әріптесіне кеңес беріп, тәжірибесімен бөліседі. Өскемендегі COVID-19 шалдыққан және жұқтыруы мүмкін деген адамдарды емдеп, кеңес береді. Ел амандығы үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген Нина Алексеевна «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тұрғанбаева Айгүл Мәлікқызы - ШҚО, Тарбағатай аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері. Ол аудан тұрғындарына COVID-19 сақтану жолдарын түсіндіріп, оған шалдыққан науқастарға көмек көрсетуде. Аталмыш пандемиямен күресу жолында аянбай тер төкені үшін Айгүл Мәлікқызы «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
Медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларын табыстаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмазхан Сматлаев құттықтау сөзінде әр дәрігердің ерлігін жеке-жеке атап өтті.
- Сіздер тәулік бойы ұлт саулығы үшін аянбай еңбек етіп жатырсыздар. Бұл нағыз патриотизмнің көрінісі. Сіздердің біліктіліктеріңіз бен кәсібиліктеріңізге алғыс айтамыз, - деді Алмасхан Сматлаев.