ШҚО мектептеріне заманауи оқу станциялары табысталды
Шығыс Қазақстан облысының ауыл және қала маңындағы мектептерге білім беру үдерісін қолдауға арналған автономды оқу станциялары жеткізілді. Құрылғылар оқушылар мен ұстаздарға оқу контентіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Интернетсіз жұмыс істейтін станциялар жасанды интеллект көмекшісімен жабдықталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында «Алматыкітап баспасы» қайырымдылық бастамасын қолға алып, еліміздің шалғай өңірлерінде орналасқан және шағын мектептерге арналған 1 000 дана TopIQ-MobilBox білім беру станциясын сыйға тартты. Әрбір құрылғының құны – 400 мың теңге. Аталған игі бастама Қазақстанның 20 өңірін қамтыды.
Заманауи оқу станциялары бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерге салтанатты түрде табысталды.
«TopIQ-MobilBox» оқу станциялары заманауи цифрлық ресурстармен, жасанды интеллект құралдарымен жабдықталған және интернет желісіне қосылмай-ақ жұмыс істей алады. Бұл құрылғылар білім беру үдерісін жан-жақты қолдауға арналған.
Станция ауыл және қала маңындағы мектептердің оқушылары мен педагогтарына оқу контентіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақ және орыс тілдеріндегі 395 оқулық пен көркем әдеби кітап, бейнематериалдар, аудиоконтент пен мультфильмдер, сондай-ақ интерактивті тапсырмалар мен тесттер енгізілген.
Сонымен қатар әрбір станция мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдету мақсатында әзірленген «Qamqor» зияткерлік көмекшісімен жабдықталған. Бұл көмекші сабақ жоспарларын дайындауға, оқу материалдарын іріктеуге және оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға жәрдемдеседі.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау, шағын мектептерге, кітапханалар мен педагогикалық колледждерге көмек көрсету, заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаева TopIQ-MobilBox сияқты интерактивті әрі заманауи құралдардың оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, педагогтерді оқу станцияларымен жұмыс істеуге арнайы оқыту жоспарланғанын да жеткізді.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахмеджанова
Видео: Жалгас Сакадиев















