Шілде айында ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің болжамы бойынша, Шығыс Қазақстан аумағында шілде айында ыстық ауа райы күшейе түседі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
"Қазгидромет" РМК мәліметіне сүйенсек, ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері алдағы айда нормаға сай болмақ.
1 шілде күні ауа температурасы күндіз +30 градусты, түнгі уақытта - +15 градус болады. Алғашқы онкүндікте ыстық ауа райы сақталады.
Ал екінші онкүндіктің басында күн бұлттанып, жауын-шашын болады деп болжануда. Бұл кезде сынап бағаны +24 градустан +30 градусқа дейінгі аралықты көрсетеді.
Екінші он күндіктің орта кезіне күн қайта ашылып, ыси түседі: күндіз - +32-34 градус, түнде +18 градус. Кейбір күндері сынап бағаны күндіз +35 градусқа дейін, түнде - +23 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Үшінші онкүндікте өткінші жаңбыр жиі жауады. Дегенмен ауа температурасы күндіз +30-34 градустан, түнде - +18-20 градустан төмендемейді.