«Абай жолы» жаяу экспедициясы жолға шықты. Соңғы нүкте – Жидебай
12 маусымда сағат 16:00-де əлемдік деңгейде ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, Алматыдан ақынның туған жері ШҚО, Абай ауданы, Жидебай ауылына еріктілер тобы «Абай жолы» атты жаяу экспедицияға аттанды. Бұл туралы Altaynews тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Экспедицияны қала əкімі Бақытжан Сағынтаев еріктілерге ту табыстау рəсімімен бастау жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты – жастардың қазақ елі тарихына, мəдени жəдігерлеріне қызығушылығын арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау», - делінген хабарламада.
Алматы қаласынан ту ұстап шығатын 4 ерікті күніне 40-50 километрді артқа тастап, жалпы 1200 шақырымды бір айда жүріп өтеді деп күтіліп отыр.
Экспедицияның ең соңғы нүстесі – Жидебай ауылындағы Абай мұражайы деп белгіленген. Абай мұражайына жеткен соң еріктілер Абай «жолы» ізімен Абай оқыған медреселер мен тұрған жерлерге барады.
Айта кетейік, биыл ұлы ақын, əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын.