ШҚО-да шектеу шараларының көпшілігі күшін жояды – Даниал Ахметов
Шығыс Қазақстан облысында 16 мамырдан бастап шектеу шараларының көпшілігі күшін жояды. Бұл туралы аймақ басшысы айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Даниал Ахметовтың айтуынша, мамырдың екінші жартысынан бастап өңір тіршілігі біртіндеп бұрынғы арнасына түсе бастайды.
– Жекеменшік автокөліктердің қозғалысы мен қала-аудан тұрғындарының рұқсатнамалар бойынша жүруіне қатысты барлық шектеулер алынып тасталады. Аумағы ұзағанда 2000 шаршы метрге болатын азық-түлік емес тауарлардың көтерме және бөлшек сауда дүкендері ашылады, – деп мәлімдеді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысының айтуынша, қонақ үй кешендері толыққанды жұмыс істей бастайды. Алакөл курортында нөмірлерді брондауға болады. 15 мамырдан бастап әуе және теміржол билеттерін сату басталады. Тек ішкі темір жол қатынасын қайта жаңарту 1 маусымнан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Мейрамханалар, дәмханалар және басқа да қоғамдық тамақтану нысандары жұмысқа кіріседі. Бірақ әзірше тек жазғы алаңдар ашылмақ. Нысанда әлеуметтік қашықтықты сақталауы тиіс және бір мезетте 30-дан көп адам жиналуға болмайды.
Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Көкпекті, Алтай аудандарында және Риддер қаласында барлық білім беру орталықтары мен балабақшалар жұмысын қайта бастайды. Бильярд, караоке, клубтар, боулинг орталықтары, әмбебап базарлар, спорттық, мәдени және қызмет көрсету нысандары жұмыс істей бастайды.
Сондай-ақ облыс басшылығы көршілес Ресейдегі және Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Семей қаласында және ШҚО-ның жоғарыда аты аталмаған аудандарында карантиндік шараларды толық алып тастауға әлі ерте деп есептейді. Сол себепті әзірше блокпосттар жұмыс істейді.