Семейде төтенше жағдай режиміне бағынбағандар ұсталды
Семейде шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Алайда қала көшелеріндегі көліктер саны азаяр емес. Осыған байланысты полиция қызметкерлері рейд жүргізіп, бірқатар тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді тоқтатып, рұқсат қағаздарын, жұмыс орынынан берілетін анықтамаларын және маршрут-парақшаларын тексерді.
– Рейд барасында бірқатар тәртіп бұзушылар анықталды. Бірінің маршрут-парақшасы жоқ, бірінің жұмыс орнынан анықтамасы болмай шықты. Сондай-ақ такси жүргізушілерінің көпшілігінде борттық журнал мен көлік құралын тексеруден өткенін және жүргізушінің денсаулық жағдайын растайтын құжаттар жоқ, – деп мәлімдеді Семей қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев.
Полицейлер тәртіп бұзушыларды пунктіге апарып, рұқсат қағаздарын алды. Әкімшілік кодекске сәйкес материалдар сотқа жіберіледі. Ол жерде судьяның шешімімен айыппұл сомасы анықталады.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын полицияның талаптарына түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше үйде шықпауға шақырады. Сондай-ақ 21.00-ден 5.00-ге дейін қала ішінде автокөлікпен жүруге тыйым салынатынын қайталап ескертеді.