KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
498.51 522.84 4.81

«Рухани жаңғырудың» бағыттары айқындала түсті - Айжан Картаева

10.04.2020, 05:04 268

 Үш жыл аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба болып, барлық салада өз нәтижесін көрсетіп отыр. 3 жыл ішінде бағдарлама бағыттары айқындала түсті.

Биылғы жылы Республика болып атап өтіп жатқан ұлы Абайдың 175 жылдығы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміз», - деп басты рухани құндылықтарымызды атап көрсетті. Халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық екендігін баса айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаны жалғастырып, «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұра­ларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбы­лыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған», -деп  ұлтымыздың рухани жаңғыруы тұсында ұлы Абайдың орны ерекше екенін атап көрсетті. Абай ілімі – ұлттың рухани-мәдени өмірінің басты темірқазығы. Ақынның даналық сөздері – халқымыздың рухани қазынасы. Бұл қазынаны ақтарған сайын, адам болудың, азамат болудың, адамгершілік пен ізгіліктің тура жолын табасың.

Абайдың шарқ ұрып іздегені, арман еткені рухани жағынан жан-жақты жетілген - Толық адам. Абайша «Толық адам» ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі адам. Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр.

 

Картаева Айжан Маратбекқызы

филология ғылымдарының докторы

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу