Мүмкіндік болса балалардың балабақшаға бармағаны дұрыс - ШҚО басқарма басшысы
ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова білім беру саласында коронавирустың алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта өңірдегі барлық мектепке дейінгі мекемелер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Бірақ бүлдіршіндерді балабақшаға апару-апармау ата-аналардың өз құқығында. Осы ретте, Сайрангүл Жұмаділова мүмкіндік болса балалардың үйде отырғандары, балабақшаға бармағаны дұрыс екендігін айтты.
«16 наурыздан бастап облыстың барлық мектеп оқушылары каникулға шықты. Ал колледждер мен университеттер қашықтықтан оқытуға көшкен. Мұғалімдер де түгелдей қашықтан жұмыс істеуде. Оларға айлықтары бұрынғыдай төленеді. Мектептердегі каникул біткеннен кейін, қажет болған жағдайда қашықтықтан оқыту технологиялары қолданыла отырып, білім алу үшін жағдайлар жасалмақ», - дейді ол.
Бұдан бөлек, қосымша білім беру ұйымдары, оқушылар сарайы, музыка және өнер мектептері жұмысын тоқтатты. Барлық жоспарланған спорттық сайыстар кейінге шегерілген.
«Білім беру мекемелері жұмысқа қажетті нұсқаулықты алды. Балабақшаларда күніне екі рет дезинфекция жүргізілуде. Барлық жерде бақылау күшейтілген», - дейді басқарма басшысы.