ШҚО әкімі Алғыс айту күнімен құттықтады
Бүгін ШҚО-дағы Қоғамдық келісім орталығы болып табылатын Достық үйінде Алғыс айту күніне орай шара өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мұнда «1 наурыз- Алғыс айту» күніне арналған ШҚО-ның этномәдени бірлестіктік өкілдерінің қатысуымен концерттік бағдарлама мен тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Елімізде аталмыш мереке 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Бұл күн тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі болып табылады. Жалпы осы атаулы күнге орай ұйымдастырылыған шаралардың мақсаты - адамдар арасындағы бір-біріне деген ізгілік қарым-қатынасты, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамгершілікке, кеңпейілділікке тәрбиелеу.
Бүгін өткен шараға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, Алғыс айту күнімен құттықтады.
- Құрметті жерлестер! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бесінші жыл қатарынан аталып өтіліп отырған Алғыс айту күнінің басты мәні – ел бірлігін нығайту. Бұл тарихымызға құрмет көрсетіп, келешек ұрпақты достық пен бейбітшілікке шақыратын күн. Алғыс айту күні барша қазақстандықтар үшін бір-біріне құрмет көрсетіп, туға елге, жерге, ата-анаға, достарға, көршілерге деген ризашылығын білдіреді. Осы айтылып жатқан көп алғыстар арасында біз үшін, әсіресе, әртүрлі себептермен жерімізге келіп, ұрпағын өсірпген түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысының орны ерекше маңызды. Өйткені, мемлекетіміз үшін бірлік пен ынтымақ ең басты байлық болып табылады. Біздің бүгінгі күні жеткен жеңістеріміздің барлығы осының арқасы екенін ұмытпағанымыз абзал. Көпұлтты ел ішіндегі татулықты көздің қарашығындай сақтау біздің және бізден кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы, - деді Даниал Ахметов.
Айта кетсек, ағымдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы атап өтілмек.