"Бизнес идеяларға грант". ШҚО-да бірнеше аудан мен қалада жоспар орындалмады
ШҚО-да былтыр жаңа бизнес идеяларға 2557 грант (1 219 882 теңге) бөлінген. Алайда Өскемен қаласы мен Көкпекті, Күршім, Ұлан, Шемонаиха, Глубокое аудандарында жоспар орындалмаған. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында айтылды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазиновтың баяндауынша, жоспар Глубокое, Ұлан аудандарында – 79 пайыз, Шемонаихада – 77 пайыз, Көкпектіде – 75 пайыз, Күршімде – 62 пайыз орындалған. Ең төменгі көрсеткіш Өскеменде – 59 пайыз.
– Грант деген – сыйлық, солай емес пе? Бұл – тегін берілетін дүние ғой. Алайда жоспардың неге уақытында орындалмағаны түсініксіз. Алдағы уақытта көпбалалы аналарды бизнеске тартып, идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріңіздер, – деп, қала, аудан әкімдеріне тапсырма берді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Баяндамада айтылғандай, аудандар ішінде гранттың көбі (230) – Ұлан, азы (47) Алтайға берілген. Ал қалалар арасында көп грант иеленген (275) – Өскемен, азы (33) – Курчатов.