Экологтар «Казцинкке» тексеру жүргізбек – Өскемен
Өскемендік экологтар «Казцинкке» тексеру жүргізбек. Кәсіпорын экологиялық заңнама нормаларын бұзған болуы мүмкін , деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
10 ақпан күні облыс орталығындағы қорғасын зауыты қортпа шығарған. Осының нәтижесінде ауаға көп мөлшерде бу бөлінген көрінеді. Аталмыш жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.
– Мамандар дереу ауа сапасына тексеру жүргізіп, зиянды қалдықтардың бар-жоғын анықтады. Мәселен зертханалық-сараптамалық бақылау бөлімінің күкірт диоксиді, азот диоксиді, күкірт сутегі, формальдегид сынды заттарға аккредитациясы бар. Алайда аталмыш қалдық заттар шекті мөлшерден аспаған, – деп мәлімдеді облыстық экология департаменті.
Осыдан кейін экологтардың сұрауымен «Қазгидромет» мамандары атмосферадағы қорғасынның мөлшерін анықтап көрді. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, өлшеу жұмыстары солтүстік өндіріс торабының санитарлық-қорғаныс аймағында жүргізілген.
– Жұмыс нәтижесіне сәйкес, қорғасын шекті деңгейден 1,2 есе асып кеткен. Осыған байланысты «Казцинк» ЖШС-на жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, – деп мәлімдеді экологтар.