KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, С
518.14 537.57 5.27

Өскеменде оқушылар айтысы өтті

28.01.2020, 10:33 182

Иә, бүгін Өскемендегі Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектепте ерекше айтыс өтті. Ерекшелігі мектеп жасындағы балалардың  суырып салып  айтысуы ғана емес,  Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Атымды адам қойған соң...» деп аталуында да болып тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Халықтың асыл қазынасына айналған төл өнерімізді тамашалау үшін келген қауым 10 ақынның өнерін тамашалады. Бес жұпқа бөлінген ақындар Абайдың шығармашылығын айта отырып, қағытпа әзілдерімен жиылған жұртты күлкіге қарық қылды.

-        Тәрбиелік маңызы зор шараны «Жұлдыз» өнер мектебі ұйымдастырып отыр.  Өскелең ұрпақтың бойына тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді сіңіретін айтыстың Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымыз, - дейді «Жұлдыз» өнер мектебінің мұғалімі Есенбол Нақтыбайұлы.

Айтысқа қара домбырасын серік етіп, мектебінің үкілеген үмітін ақтауға  6-7 және 8 сынып оқушылары келіпті. 

-        Бос уақытымда өлең жазғанды ұнатамын. Сосын өзімнің жазба ақындығымды айтыста байқап көрсем деген ойға келдім. Үш жыл ішінде екінші рет айтысқа қатысуым. Мектебімнің және ата-анамның үмітін ақтаймын деген сенімдемін, - дейді Абай атындағы №33 мектептің оқушысы Бақытбек Айнұр.

Айтыс ақындарына Мұратхан Кенжехан, Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Естай Жаңабай сынды белгілі ақындар төрелік етті. Қазылар алқасының құрамындағы Алтынғадыс Күнтуғанұлының айтуынша, Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы сайысқа арнайы жүлде дайындаған. Арнайы жүлдені Ахмер орта мектебінің оқушысы Құрманғали Мәди иеленді.

Сайыс қорытындысы мынадай:

Бас жүлде: Адалбек Ардақ Абай атындағы №33 мектептің оқушысы;

I орын: Асылбек Аймерей Абай атындағы №33 мектептің оқушысы;

II орын: Есенболұлы Досымжан №16 мектептің оқушысы;

             Слямханова Айғаным Ахмер орта мектебінің оқушысы;

III орын: Ерғали Дарын А.Байтұрсынов атындағы №20 мектептің оқушысы;

              Бақытбек Айнұр Абай атындағы №33 мектептің оқушысы;

              Жеңісбеков Ерғалым Ахмер орта мектебінің оқушысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу