«№206 маршрутты қайтарыңдар!» Өскемендіктер биліктегілерге талап қойды
Иә, 26 қаңтардан бастап №206 маршрут өз жұмысын тоқтатқан-ды. Алайда арада бір күн өтпей жатып, өскемендіктер әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіріп жатыр. Қалалық әкімдік берген мәліметке сенсек, №206 маршруттың тоқтауына № 6, № 6б автобустарының көбеюі себеп.
- №206 маршрут үнемі адамға лық толы. Жол жүру ережесі бойынша маршрутта адам саны көп болмауы керек. Жол апаты мен тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында осындай шешім қабылданып отыр, - дейді қала әкімдігі.
Ал тұрғындар не деп жатыр?
- №206 маршрут 7 минут сайын жүретін. Ал № 6 автобус ше? 20 минут?, - дейді тұрғын Лариса Минх.
- Автобус интервалы 30 минут. Бұл не сұмдық, - дейді тұрғын Роман Сенгелеев.
- 206 маршрутты қайтарыңдар! – дейді қала тұрғыны Юлия Радионова.
Тұрғындар №206 маршрутта болған жеңілдіктер № 6, № 6б автобустарында жоқ деп отыр. Яғни, автобуста көп балалы аналарға, ардагерлерге жеңілдік жасалмайтын көрінеді. Маршрутты алып тастаса да, жеңілдіктер қалсын деп биліктегілерге талап қойған. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін қалалық ТҮКШ бөліміне хабарластық.
- №206 маршрутта болған жеңілдіктер қала автобустарының біреуінде де жоқ. Бірақ осы мәселеге қатысты жауапты мамандармен сөйлестік. Енді №6 автобуста №206 маршруттағы жеңілдіктер жасалады, - дейді Нұржан Жапаров қалалық ТҮКШ бөлімі бастығының орынбасары.