Риддерде жер астында қалып қойған шахтер қалай құтқарылды?
Риддерде тау жынысы опырылып, бір шахтер қамалып қалғаны туралы жазған едік. Оқиға 5 қаңтарда болды. Михаил Никулин есімді жұмысшы екі күннен кейін құтқарылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Кеншіні құтқару үшін атқарылған шаралар туралы «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының» ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі айтып берді.
Шахтада әр 8 сағат сайын Риддерлік жедел взводының қызметкерлері бірін-бірі ауыстырып отырды.
- Кен орнының диспетчерінен хабар сағат 13.00-де түскен болатын. Оқиға орнына құтқарушылардың екі бөлімі мен взвод командирінің орынбасары жіберілді, - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Құтқарушылар жұмысшыны іздеп табу үшін апатты учаскеге апаратын жолдарды тексеріп, арнайы барлау жасауға тиіс болды. Оның нақты қай жерде қалып қойғаны да белгісіз еді. Шамалаған орынды бұрғылап, терең ұңғыма жасағанда, арғы жақтан адамның айғайлаған дауысы естілген екен.
Сол ұңғыма арқылы Михаил Никулинге шам, ыстық шай мен тамақ түсіреді. Одан кейін бұрғылап жару жұмыстары жүргізілген.
Құтқару операциясы 7 қаңтар күні таңғы сағат төрт кезінде толық аяқталды. Шахтер жер астында 1,5 тәуліктен астам уақыт қамалып отырған.