«Номадқа» ұпай ұстатпады
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 19-шы турында өз айдынында елордалық «Номадты» қабылдаған өскемендік «Торпедо» 2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге салайық, осыған дейін қатарынан екі ойында (альметьевскілік «Нефтяник» пен нефтекамскілік «Торостан») жеңіліс тапқан «Торпедо» алтыншы орыннан 10-шы сатыға бірақ сырғыған болатын.
Ал бұл жолғы ойындағы есепті өскемендік хоккейшілер ашты. Кездесудің алтыншы минутында команда капитаны Александр Шинның пасын ұтымды пайдаланған шабуылшы Евгений Рымарев көзге түсті. Дегенмен қонақтар Кирилл Панюковтың көмегімен тез есе қайтарды. Бірінші жиырмаминуттық 1:1 есебімен тең аяқталды.
Ал екінші кезең бастала салысымен «Торпедо» екінші мәрте алға шықты. Шайба авторы – Сергей Шестаков.
Бұдан кейін қарсылас бір-бірінің қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. 2:1 «Торпедо» пайдасына.
Осы жеңісінің арқасында 24 ұпай жинаған Алексей Ждахин шәкірттері жоғарыда айтқандай, турнир кестесінің алтыншы орнына табан тіреді. Келесі кездесуін өскемендік ұжым тағы да сол «Номадпен» өткізеді. Бұл ойын үшінші қазан, жексенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында ойналады.