Семейлік таэквондошылар кезекті жеңісіне жетті
Семейлік таэквондошылар Беларусь астанасы Минск қаласында өткен ТМД елдерінің ашық кубогы – ITF тұжырымы бойынша Әлем кубогы үшін жарыстан жеңіспен оралды.
Жасөспірімдер арасында өткен бұл додада облысымыздың намысын барлығы 11 спортшы қорғады. Бір қызығы, олардың барлығы да семейліктер.
Минскідегі жарыстың қорытындысы бойынша білікті бапкер Махаббат Советханның қол астында жаттығатын жас таэквондошыларымыз қоржынға бір алтын, екі күміс және екі қола медаль салды. Атап айтсақ, 26 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұралы Серікқан жарыс жеңімпазы атанса, Аңсар Жұмағалиев (50 келі) пен Даниал Сайлаубеков (45 келі) екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті Сергей Жуйко (70 келі) мен Алмат Қапанов (65 келі) түйіндеді.
Соңғы уақытта семейлік таэквондошылар қатысқан жарыстарынан құрқол қайтпай жүргенін айта кету керек. Жерлестіріміз таяуда Семейде мәреге жеткен GTF «Semey open» атты ашық облыстық турнирінде сенімді жеңіске жетсе, оның алдында елордада ұйымдастырылған «Nur-Sultan оpen» республикалық турнирінде де тамаша нәтиже көрсетіп, 14 жүлдеге ие болған-ды.
Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде Семейдің өзінде ғана таэквондоның үш бірдей федерациясы (GTF, ITF және WTF) жұмыс істеп тұр.