Семейлік таэквондошылар тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді
Семейде таэквондодан GTF «Semey open» атты ашық облыстық турнир мәресіне жетті. Додаға Семей мен Өскемен қалаларынан 150-ге жуық спортшы қатысты.
Arnapress.kz сайты хабарлағандай, турнирде 18 жасқа дейінгі таэквондошылар сынға түскен. Облыстық GTF таэквондо федерациясының директоры Теміржан Есембаевтың айтуынша, жарыс өте жоғары деңгейде өтті, жекпе-жектердің қай-қайсысы да тартысқа толы болды.
Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды Семей қаласының құрамасы жеңіп алды. Айта кетейік, бүгінде Семейдің өзінде ғана таэквондоның үш бірдей федерациясы бар. Олар: GTF, ITF және WTF.
Еске салайық, қараша айының басында жерлестеріміз Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Nur-Sultan оpen» республикалық турниріне қатысқан-ды. Байрақты бәсекеде облыс намысын 32 спортшы қорғап, оның 14-і жүлделі орындардан (бір алтын, үш күміс, 10 қола) көріне білген.