Облыстық айтыс пен мүшәйра өтті. Кімдер жеңімпаз?
Жастар жылы аясында һәм Тәуелсіздік тойына орай «Алтайым – алтын бесігім» атты облыстық дәстүрлі ақындар айтысы мен жыр мүшәйрасы өтті.
Иә, Шығыстың жас шайырлары мен айтыс ақындары Тәуелсіздік тойын тілге тиек етсе, асқақ Алтайды жырға арқау қылды. Қала тұрғындары қазақтың төл өнері мен төре өнерін бір сахнадан тамашалады.
Айтыста он ақын бақ сынады. Айтайық, Аян Қалымбек пен Жұлдызай Маратбекқызы Өскемен қаласы, Ардабек Ақбаба Зайсан қаласы, Серік Қуанған, Қабдолла Бейісханұлы, Манарбек Сатыпалды сынды айтыскерлер Семей қаласы, Қуаныш Еркінұлы Глубокое ауданы, Фархат Маратұлы Көкпекті ауданы, Айшолпан Тілеутай Аягөз ауданы, Дәурен Сембай Ақсуат ауылы атынан сынға түсті. Жеребе сахнада, көпшілік көзінше кезекпе-кезек тартылды. Ақындар табан астында тауып айтып, шаппа-шап айтысуға тырысты.
Айтыстың ақтаңгері Серік Құсанбаев бастаған қазылар алқасының ұйғаруымен Ардабек Ақбаба бас жүлдеге ие болды. Зайсандық айтыскердің әсіресе екінші айналымда шабысы үдей түскенін айта кетейік. Айтыс бойы жорға жүрісінен жаңылмаған Дәурен Сембей бірінші жүлдені еншіледі. Айшолпан мен Фархат екінші орынға, Аян мен Қуаныш үшінші орынға табан тіреді.
Жыр жәрмеңкесінің қызығы бір төбе. Іріктеуден өткен он жас ақын сахнада өлең оқыды.
«Қаз қаңқылы қайталаса сырлы әнін,
Сыбызғыдан төгіледі сырларым.
Сағынышқа айналарын кім білген,
Саз-батпағын кешіп өскен Сырғалым», -
деп жырлаған Қызырбек Дүргінбайұлы мүшәйраның бас жүлдесін еншіледі. Аягөздік Ермек Дайырбаев бірінші жүлге ие болса, Бауыржан Игілік пен Оразай Жеңісұлы екінші орыннан көрінді. Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Кеңесхан Роллан және Гүлманат Әуелхан үшінші орынды қанағат тұтты.
Айтыс пен мүшәйраның дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығы көңіл көншітеді. Алайда көрермен қауым неге жыл санап азайып барады? Бұл жолы тіпті саусақпен санап аларлық адам «Ертіс-концерттің» залын енжайлап отырды. Қазақтың сөз өнеріне деген құрмет сейіле бастады деуден аулақпыз. Өйткені бәйге болып жатқан сәтте әлеуметтік желі арқылы және тікелей қоңырау шалып, «телефонның тікелей эфирінен көріп қалдық, қайда өтіп жатыр, енді барсақ үлгере аламыз ба» деп жөн сұраған адамда шек болмады. Ұялы телефонымыз да, ұятымыз да мазалап болмады. Құлақтандыру һәм жарнама жұмысының сылбырлығы сезіліп тұр. Бар кемшілік осы ғана. Әйтпегенде, жыр жәрмеңкесі жылдағы жоғары деңгейінен бір түспеді.