Өскемендік экологтар ерекше мобильді қосымшаның көмегімен 525 қоқыс алаңын анықтады

Шығыс Қазақстанда экологтар ерекше мобильді қосымшаның көмегімен 525 қоқыс алаңын анықтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Күресіндерді картадан көрсететін мобильді қосымшалар – «Waste viera» және «Waste edit».
Экологтар ең бірінші «Waste viera» арқылы аймақтағы қоқыс алаңдарының орналасқан жерін анықтайды. Қосымша оларды ғарыштық барлау арқылы тауып, картада қызыл түспен белгілеп көрсетеді. Келесі кезекте мамандар межелі жерге жетіп, «Waste edit»-пен жұмыс істеуге көшеді. Яғни қосымшаға қоқыс алаңының фотосуреттерін (немесе бейнематериалды) жүктеп, көлемін және жай-күйін қысқаша сипаттап жазып, пікір қалдырады. Содан кейін қосымшадағы барлық мәліметті республикалық базаға жолдайды. Ал заңсыз қоқыс орындары жойылғаннан кейін, картада жасыл түспен белгіленетін болады.
– Ғарыштық барлау арқылы облыс көлемінде 525 қоқыс орны табылды. Әзірше олардың 25-і заңдастырылған, ал 19-ы қираған ғимараттардың орны екені анықталды. Аудан әкімдерімен және жергілікті атқарушы органдармен жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта 49 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды, – дейді ШҚО экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин.
Аталмыш мобильді қосымшалармен экология департаментінің, энергетика және ТҮКШ басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың мамандары жұмыс істей алады.
Осы орайда айта кетейік, бұл шаралар республикалық акция аясында атқарылып жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп меморандумға қол қойып, барлық өңірдегі экология департаменттерімен тізе қосып жұмыс істеуге келіскен болатын. Дәл осы акция аясында аталмыш қосышалар жасалды. Бұл қосымшалармен және мәліметтер базасымен жұмыс істеу үшін шығыстың эколог мамандары елордаға барып, арнайы оқудан өтті.