KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Бизнесті барбершоптан бастаған жігіт - Өскемен

9.11.2019, 11:03 171

Бір кездері оқу-тоқу іздеп облыс орталығына келген аягөздік бозбала - бүгінде бизнестің қыр-сырын меңгерген кәсіпкер. Тоқтаусыз табыс әкелетін кәсіптің көзін тапқан Аңсар Ешенбаев Өскеменде бірнеше барбершоп салонын ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған.

Қазақстан-Американдық еркін университетінде білім алған ол Өскеменде қалып, нәпақа табу жолында түрлі салаларда даяшы, ресторан әкімшісі, түнгі клубтың және «Defacto» дүкенінің директоры болып жұмыс істеді. Ритейл саласымен айналысқан ол біраз уақыт Қарағанды, Ақтау, Павлодар, Алматы қалаларында тұрып, кейін Өскеменге қайтып келген соң, ер адамдарға арналған барбершоп-шаштараз салонын ашты.

– Өзге қалаларды аралаған кезде әр көшкен сайын жаңа шаштараз іздеуге тура келеді, – дейді Аңсар Ешенбаев. – Шашты жақсы қиятын маман тапқанша, қаладағы барлық шаштараз салонын аралап, шаш қидыруға тура келеді. Ақтауда алғаш рет барбершоп салонын көрдім. Ол кезде оның не екенін де білмейтінмін. Ол жерде шашты қию 3500 теңге екен. Бұл мен үшін қымбат болғаны рас. Алайда онда көрсетілген қызметтің сапасына көңілім толғаны сонша, ай сайын шашымды сонда алдыратын болдым. Кейін қызметім Алматыға ауысқан кезде шаш қидыру үшін қайда бару керектігін бірден біліп бардым.

Осылайша, Өскемендегі барбершоптар тарихы басталған-ды. Тасы өрге домалаған кәсіпкер айналасы үш жыл ішінде үш барбершоп салонын ашып үлгерген. Салонға шеберлерді жинау кезінде Аңсардың өзі де шаш қию өнерін бастапқыда Өскемендегі «GoldStar» оқу орталығында, кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы арнайы курстардан үйренді. Клиентке қолайлы болуы үшін жұмыс режимін таңғы сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін белгілеген кәсіпкердің бір салоны тіпті түнде де қызмет көрсетуді тәжірибеге енгізген.

– Қызмет көрсету саласының маңызды тетігі – клиент екенін ұқтым. Сондықтан клиенттің қызмет сапасына көңілі толуы үшін барлығын жасау керек. Сол себепті біздің салондар жүйесінде клиенттерге арналған жеңілдіктер, олардың балл жинап, төлем жасауы үшін дисконт карталарын беру сияқты түрлі бағдарламалар бар. Сондай-ақ біздің барбершоптарда клиенттер қызметті және тауарды бөліп төлеу арқылы ала алады, – деп қосты Аңсар Ешенбаев.

Бұдан бөлек, ол кәсіптің басқа түрін де қолға алмақшы. Атап айтсақ, оны экология, ауыл шаруашылығы және баламалы энергетика салаларындағы жобалар қызықтыруда. Қалдықсыз өндіріс құруды ойлаған ол Бобровка ауылында бөдене өсіріп, еті мен жұмыртқасын сатудан пайда тауып, ал қиынан өндірілетін табиғи метанмен тұрғын үйлерді жылытатын құрылғы орнатуды жобалауда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив