Өскемендегі музей түнде жұмыс істейтін болды
Өскемен тұрғындары мен қонақтары 8 қарашада этнографиялық музей-қорықты күн-түні аралап, көрмелерді тамашалай алады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы «Мұражайлар шеруі» атты республикалық акцияға атсалысып жатыр.
Осы орайда айта кетейік, «Мұражайлар шеруі» елордада Конституция күні басталған. Енді, міне, облыс орталықтарына да жетіп отыр.
Аталмыш акция аясында қала тұрғындарына кез келген уақытта көрме залдарына барып, тарихтың, өнер мен мәдениеттің қыр-сырына қанығуға мүмкіндік туады. Мәселен жоғарыда аты аталған этнографиялық музей-қорықты жұма күні түнгі үшке дейін қонақтарды қарсы алуға дайын.
Қысқаша айтар болсақ, бұл музейде қазіргі уақытта «Ежелгі артефактілерден қазіргі заманға дейін» атты көрме жұмыс істейді. Сондай-ақ облыстың он мұражайының экспонаттары бар.
«Мұражайлар шеруі» акциясы Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығында (Қ. Қайсенов көшесі, 67) 8 қараша сағат 18.00-де басталып, келесі күні сағат 3.00-ге дейін жалғасады. Кіру – тегін екенін еске саламыз.