Браконьерлер 12 жылға сотталуы мүмкін
Қазақстанда браконьерлік қылмыс жасағандарға қатысты жаза күшейтілді. Олар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Сәйкес өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көрсетілді.
Бұған дейін Қылмыстық Кодексте жалпы норма болғанын еске саламыз. Браконьерлер аңшылықта жануарға зардап келтіретін жарылғыш құралдар, кеме мен қарда жүретін машина қолданғанда ғана жазаланатын. Енді нақтыланған нормалар енгізіліп, онда ату құралы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аңшылық құстары қосылды. Сондай-ақ, мүлікті тәркілеу мен шетелдік азаматтарды браконьерлік қылмыс үшін 5 жылға ел аумағынан шығару мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұрын браконьерлерге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады екен.
Яғни, Қылмыстық Кодекске енгізілген бұл түзетулер орман, балық және жануарлар әлеміндегі заңбұзушылықтарға қатысты жазаны күшейтуге бағытталады. Заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар алдағы уақытта әлі де жалғасын табады.