Зарина Примак Румынияда алтын медальға қол жеткізді
26 қазан - 4 қараша күндері Румыния елінің Констанца қаласында өтіп жатқан қол күресінен əлем чемпионатында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Жарма ауданының спортшысы Примак Зарина Ломэйевна алтын медальді иеленді.
Шар қаласының тұрғыны Зарина Примак Азия чемпионы, әлемдік біріншіліктің екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының иегері. Жерлесіміз әлемдік чемпионатта ел намысын абыроймен қорғап отыр.
Ол жастайынан қоларбаға таңылса да тағдырдың қатал сынағына қарамастан, спортты өзінің өмірлік серігі ретінде таңдап, талай асуларды бағындырып келеді.
2016 жылдан бастап қол күресімен айналысқан Зарина ауыз толтырып айтар жетістіктерге қол жеткізді. Тек қана 2016 жылдың өзінде ғана төрт мәрте жеңіс туын желбіретіп, әртүрлі спорттық ареналарда ән ұранымызды асқақтата білді.
Бүгінде белгілі жерлестеріміздің аудан спортына қосып жүрген үлестерін ескере келе, аудан басшылығы бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруда. Олар: мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылданатын ғимаратының мәселесін шешу, оларға әлемдік стандартқа сәйкес келетін спорттық киім үлгісін дайындау, қажетті спорттық инвертарлармен жабдықтау мәселелері қолға алынуда.