Өскеменде үй саламын деген жеке кәсіпкерлерге жер беріледі
Өскеменде үй саламын деген жеке кәсіпкерлерге жер беріледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыс орталығында өтетін инвестициялық форумда осындай мәселе көтерілмек. «Қаланың индустриялық аймақтарын дамыту» секциясында.
Кәсіпкерлерге 19-шы тұрғын ауданнан жер телімдері беріледі. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәлімдеуінше, бұл ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізуге болатын 8 алаң бар.
– Кәсіпкер берілген жерге қандай нысан салатынын өзі шешеді. Бәлкім тұрғын үй, бәлкім әкімшілік ғимарат. Қалай болғанда да, нысан халық игілігіне жарауы тиіс, – дейді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Арман Мұқтарқанұлы.
Еске салайық, инвестициялық форум 30 қазан күні өтеді. Қосымша сұрақтар бойынша 26-22-84 және 8 775 719 91 91 телефон номерлері жұмыс істейді.