"Алтай" биыл Азия чемпионатына қатыспайды
Өскемендік «Алтай» волейболшылары алдағы құрлықтық додаға қатыспайды. Бұл туралы Талдықорған қаласында аяқталған ел Суперкубогы үшін жарыстан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, доданың шешуші кездесуінде өскемендік ұжым жергілікті «Жетісудан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылған.
Жалпы, төрт ұжым қатысқан бәсекенің алғашқы күні алтайлықтар «Алматы» волейболшыларын 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Павлодардың «Ертіс-Қазхромын» 3:0 есебімен талқандаған-ды. Алайда, Суперкубок үшін жарыстың шешуші кездесуінде Лука Кьяппини шәкірттерінің жолы болмады. Сана Анарқұлова мен командаластары жетісулық қарсыластарына еш қауқар көрсете алмай, үш партияда да (22:25, 17:25, 18:25) жеңіліс тапты.
Осылайша, шамамен бір ай бұрын ел кубогы сарапқа салынған сында топ жарған жерлестеріміз бұл жолы жүлдесіз қалуға мәжбүр болды. Оны қойып, алтайлықтар соңғы төрт жылда алғаш рет клубтық Азия чемпионатына да бара алмайтын болды. Қазақстан волейбол федерациясының қаулысына сәйкес, биылдан бастап құрлықтық додада республика намысын елішілік чемпионатта жеңіске жеткен команда емес, Суперкубокқа ие болған ұжым қорғамақ. Бұл – келер жылдың жазында өтетін Азия біріншілігіне «Жетісу» барады деген сөз.
Естеріңізде болса, Сары құрлық мықтылары қатысқан соңғы төрт додада Қазақстан атынан өскемендік «Алтай» сынға түскен-ді. Бұл жарыстың түгелінде де жерлестеріміз төртінші орыннан көрінген.