Өскемендегі турнирге 300-ге жуық дзюдошы қатысуда
Өскемендегі Жекпе-жек сарайында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Темірбек Исабаевты еске алуға арналған ашық облыстық турнир өтуде, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шығыста самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Темірбек Құмарбекұлының мемориалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Марқұмның әріптесі, әрі досы, турнирдің өткізілуіне ерекше атсалысқан ардагер спортшы Жексен Иқамбаев болашақта мұндай додаларды жыл сайын ұйымдастырып тұру жоспары бар екенін айтты.
– Темірбекпен ұзақ жыл бойы көрші тұрдық, екеуіміз де күреспен айналыстық, бір терінің пұшпағын иледік. Амал қанша, сұм ажал оны арамыздан тым ерте алып кетті. Бүгінгі жарысты осындай аптал азаматтың бейнесін жадымызда мәңгі сақтау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта бұл турнирдің мән-мәртебесін арттырып, қатысушылар санын ұлғайтуды көздеудеміз, – деді Ж.Иқамбаев.
Қатысушылар демекші, биылғы додада да бақ сынауға ниет білдірген спортшылардың қарасы айтарлықтай көп екен. 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жарысқа Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан, сондай-ақ көршілес Павлодар облысынан келген ұзын саны 300-ге жуық жас татами шеберлері қатысуда. Бір күнге созылатын турнир барысында дзюдошылар он салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтамақ.