KZ
Өскемен
+2°
туман Штиль
488.91 532.62 5

Тарбағатайда бір үйдің 70 қойын қасқыр жайратып кетті

1.10.2019, 11:47 122

Тарбағатай ауданы Ахметбұлақ ауылында қорадағы қойға қасқыр түсті. Малдың иесі 50 қойының арам өлгенін, 20 қойының тамақталғанын айтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Біз телефон соққанда Назар Садуақасов сол жиырмасын сойып жатыр екен.

– Мен өзім қойымды жеке бағамын ғой. Кешке өрістен кейін қораға қамағанмын. Таңертең келгенімде малдың жайрап жатқанын көрдім. Аман қалғандары бұрыш-бұрышқа тығылысып тұр. Ойлап қарасаңыз, 70 бас деген екі үйдің қойы ғой. Басымызда несие бар, қаладағы баланың оқуының қаражаты бар, оларды осы қойды сатып төлейтін едік, – деген мал иесі бізден мемлекеттен өтемақы бола ма, соны сұрап беруді сұрады. «Оқыған адамсыңдар ғой, біліп берші. Біз өмір бойы осы малдың соңындамыз, заңға шорқақпыз» дейді ол.

Шығынға ұшыраған азаматтың айтуынша, рұқсат қағаздары болса да, ауылда мылтық ұстатпайды.

– Психологиялық болсын, заңдық болсын, барлық тексеруден өтіп, мылтыққа рұқсат алдық. Алайда қаруымыз сейфте босқа тұр. Ұстатпайды. Неге екені түсініксіз. Жыл сайын мерзімін ұзарту үшін ақшасын текке төлеп отырмыз. Қасқыр болса көбейіп келеді. Мына бет алысынан енді адамға шаба ма деп қауіптенудеміз, – дейді ашынған азамат бар мұңын шағып.

Біз бұдан кейін ауыл әкімімен тілдестік.

– Мал иесімен кездесіп, мән-жайды көзбен көрдім. 50 қойы теңкиіп-теңкиіп өліп жатыр. Жаның ашиды. Халық менікі, бірақ өзім де не істерімді білмей, бас қатырып отырмын. Қорасы ауылдың жоғары жағында, енді басқа малын аман сақтау үшін түнде күзету керегін айттық. Ауданнан қасқырды атқызу үшін аңшыларды шақыртып қойдық, қашан келетінін айтар деп жауап күтудеміз, – деген Дәуітбек Ниязбеков мал жеке меншік болғандықтан мемлекеттен өтемақы болмайтынын айтты.

– Иә, мал басын сақтандыру жүйесі болса жақсы-ақ еді. Қазір халық тым құрыса мылтық ұстауға рұқсат сұрап отыр. Себебі жыртқыш көбейіп кетті. Оны қойып жазда, аю да түскен болатын, – деді ауыл әкімі.

Айта кетейік, бұл ауылда байланыс болғанымен, интернетке кіру мүмкін емес. Малдың иесі сондықтан да өзі түсірген қырылған қойының суретін дәл қазір жібере алмайтынын айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив