Тергеушілер қылмыстарды жасырады, істі созбалаңға салады
Соңғы екі жылда облыс прокуратурасы ақтау негіздерімен 26 қылмыстық істі тоқтатып, қылмыстық қудалау органдарының кемшілік жіберген кінәлі қызметшілерінің барлығын жауапкершілікке тартқан.
Бұл туралы облыстық Прокуратурада өткен сотқа дейінгі тергеудің сапасы, толықтығы мен заңдылығының жай-күйін талдаған алқа отырысында айтылды. Қылмыстық қудалау органдары жұмысындағы қылмыстық істерді созбалаңға салу, тұлғаларды жауапкершіліктен алып кету, қылмыстарды жасыру сияқты кемшіліктерін саралаған отырыста әрекеттерді қате саралау, процеске қатысушылардың өтініш хаттарын сапасыз қарау сияқты жүйелі бұзушылықтардың бар екендігі айтылды.
«Алқа отырысында азаматтардың шағымдарын қарау мәселесіне аса назар аударылды. Қазіргі кезде облыс бойынша тергеу органдарының әрекеттеріне берілген шағымдардың 23,5 пайызға төмендегені байқалады. 2019 жылдың сегіз айында облыс прокуратурасына 3694 шағым түсті, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 4829 шағым түскен», - делінген облыстық Прокуратураның хабарламасында.
Оңды үрдіске қарамастан облыс прокуроры барлық қызметкерлерді осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, азаматтардың арыздарына шұғыл және тиімді ықпал етіп, оларды жан-жақты және объективті қарау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек, алқа отырысы барысында тергеудің барлық сатысында және нақты ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды, сондай-ақ тергеу мерзімдерін негізсіз ұзарту фактілеріне жол бермеуді қамтамасыз ету ұсынылды.