Өскеменде қоқыс тағы да өртеніп жатыр
Өскеменде тағы да қоқыс өртеніп жатыр. Қаланы көк түтін басты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қоқыс алаңында өрт кеше шыққан. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, соққан жел өртті өршіте түскен. Сол себепті де сөндіру қиынға соққан көрінеді. Ал тынысы тарылған қала тұрғындары наразылық танытуда.
– Өртті сөндіруге «Өскемен СпецКоммунТранс», «Өскемен Тартип», «Өскемен Водоканал» мекемелерінің 13 өрт сөндіру машинасы мен 4 техника, 1 бульдозер, 3 жүк тиегіш, 7 су құю жуатын машинасы мен 18 қызметкері жұмылдырылды, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізде болса, қала сыртындағы қоқыс төгетін алаң тамыз айында тұтастай өртенген болатын. Ол кезде өртті сөндіруге бір аптадай уақыт кетті. Кейінірек аталмыш аумаққа қожайын-кәсіпорын – «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС айыпты деп танылып, 2 миллион теңге айыппұл арқалаған болатын.