ШҚО-да шынайы табыстарын жасырған көпбалалы отбасылар анықталды
ШҚО-да атаулы әлеуметтік көмек алып келген отбасылар шынайы табыстарын жасырған. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі қоғамдық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Басқа облыстармен салыстырсақ, бізде көмек алатын отбасылардың саны 6 есе көп болып шықты. Бұлай болуы мүмкін бе? Отбасылардың кірісін егжей-тегжей қарау керек қой. Әділетті түрде тексеру қажет, – деді Даниал Ахметов
Тап осы жәйтқа қатысты баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев жағдай реттелгенін айтты.
– Қазіргі уақытта Сіздің тапсырмаңыз бойынша құрылған арнайы комиссия, Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігінің, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ұсынған тізімге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 3658 отбасы бойынша жұмысты аяқтады. Осы тізімдегі 150 отбасы сәуір айында бірінші тоқсандағы табыстарын төмен көрсеткен (118 отбасына көмекті қайтару қажет, 32 отбасына төлем қайта есептелді). Қалған 3508 отбасы бойынша талдау жүргізілді, 103 отбасында көмекті төлеудің заңсыздығы анықталған жоқ, бұл отбасыларға төлемдер жалғасты, – деген Ерболат Ошақбаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі ақпарат бойынша, 18 995 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын айтты.