KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

«Қазақстан оқушысы-2019» велокөпкүндігіне монаколықтар да қатысуда

12.08.2019, 14:43 246

Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2019» көпкүндік халықаралық веложарысы басталды. Биыл 50-ші рет өткізіліп отырған дәстүрлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылармен қатар, шетелдік жас велошабандоздар да қатысуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Тоғыз күнге созылатын спорттық іс-шараны облыс әкімдігінің қолдауымен Білім және ғылым министрлігінің ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Өскемендегі Комсомол аралында өткен жарыстың ашылу рәсіміне аталмыш орталықтың өкілі Сағдат Садықов қатысып, жас спортшыларға ақ жол тіледі.

Ол өз сөзінде осындай спорттық шараның арқасында оннан астам әлемдік деңгейдегі велошабандоздың жұлдызы жарқырағанын мақтанышпен айтты. Олардың арасында Александр Винокуров пен Алексей Лялько сияқты талай байрақты бәсекенің жүлдегерлері де бар екенін атап өтті.

– Олимпиада чемпионы, атақты отандасымыз Александр Винокуров спорттық мансабындағы алғашқы медальдарын осы «Қазақстан оқушысында» жеңген болатын. Сол ағаларыңның жолын сендерге де берсін. Бүгінгі жарысқа қатысушылардан да болашақ Олимпиада және Әлем чемпиондары шығады деп сенеміз, – деді өзінің құттықтау сөзінде мәртебелі мейман.

Жарыстың тарихына аз-кем тоқталсақ, ең бірінші «Қазақстан оқушысы» велобәйгесі 1970 жылы Алматы қаласында өткен екен. Содан бері велокөпкүндіктер жыл сайын ұйымдастырылып, жалғасын тауып келеді. Жарты ғасырдың ішінде бұл сайыста жеті мыңнан жуық спортшы өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн. Ал ең ауқымды жарыс 1982 жылы өткен, оған 39 командадан 219 жас велошабандоз қатысқан екен. Бұл жолғы бәйгеге велосипедтерін жетектеп, 130-ға жуық бала келіпті. Олардың арасында Өзбекстан мен Ресейден, тіптен алыстағы Монако Князьдігінен келген саңлақтар да бар. Қатысушылар жарыс барысында облысымыздың бірнеше ауданының аумағымен жүріп өтпек.

Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт, 50 жылдық тарихы бар велокөпкүндік осымен 20-шы рет Шығыс Қазақстан жерінде ұйымдастырылып отыр.

Спорттық шараның салтанатты ашылуынан кейін жарыстың бас қазысы, халықаралық дәрежедегі төреші Рашид Хакимов велобәйгенің басталғаны туралы белгі беріп, жас шабандоздар бәсекені бастап кетті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері апта соңында белгілі болады.

Естеріңізге салайық, аталмыш жарыс 8-16 тамыз аралығында Глубокое, Ұлан аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының жолдарында өтуі тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу