ШҚО-да «Қазақстан оқушысы-2019» велокөпкүндігі өтеді
Ертең Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2019» велокөпкүндігі басталады. Тоғыз күнге созылатын жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылармен қатар, шетелдік жас велошабандоздар да қатыспақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Белгілі болғандай, биылғы велобәйгеде 130-ға жуық спортшы өнер көрсетеуі тиіс. Олардың арасында Өзбекстан мен Ресейден, тіпті, алыстағы Монако Князьдігінен келген саңлақтар да бар. Қатысушылар жарыс барысында облысымыздың бірнеше ауданының аумағымен жүріп өтпек.
Еске салайық, былтырғы бәсекеде жүлделі орындардан Түркістан облысы мен Өзбекстаннан ат терлетіп келген спортшылар көрінген болатын.
Аталмыш спорттық шараның еліміздің Шығысында өткізілуіне облыстық әкімдік, Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, сондай-ақ, облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы мұрындық болуда.
Веложарыстың салтанатты тұсаукесері тамыздың 9-ы күні сағат 09:30-да Өскемендегі Комсомол аралында өтпек.