Семей тұрғындары ағаштардың оталуына қарсылық танытты (ВИДЕО)
Семейліктер ауладағы ағаштардың оталуына наразы екендерін жеткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Шугаев, 48 мекен-жайында тұрамыз. Бірер жыл бұрын дәл осылай ағаштарды отап, орнына сырахана салып тастаған. Неге жас ағаштарды отап жатыр, түсінбеймін. Орнына жаңа тал да екпейді. Бұл қалай болғаны? – дейді қала тұрғыны Ксения Карельская.
Әлеуметтік желілерден семейліктердің «Жақында біздің қаламызда бірде-бір терек қалмайтын түрі бар», «Абай саябағына барғанбыз, ағашты саялап отырғың келеді екен, бірақ көлеңке жоқ» деген түрлі арыз-шағымдарын көруге болады.
Осы мәселге қатысты қалалық ТҮКШ бөлімі мамандары не дейді екен?
– Қаладағы ағаштарды кесу жұмысы белгілі себептер арқылы ғана жүзеге асатын шара. Мәселен, Шугаев, 48 мекен-жайындағы тұрғын үйінің алдындағы ағаштар жол қозғалысына кедергі тудыратын. Сондай-ақ, біз қала тұрғындары мен қонақтарының өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деген ағаштарды ғана отаймыз, – дейді қалалық ТҮКШ бөлімі мамандары.