Полицейлер мен судьяларды арнайы адамдар аңдитын болды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері квазимемлекеттік секторда, құқық қорғау және сот органдарындағы жемқорлықты әшкерелейтін мамандандырылған бөлімше құрды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жұмыс істеп тұрған жедел-тергеу қызметтерімен қатар квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және тергеу бойынша мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық компанияларда бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражат болады. Оның талан-таражға салынуына жол беруге болмайды. Бұл біздің тікелей міндетіміз, – деді Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.
Олжас мырза құқық қорғау органдары мен соттардағы сыбайлас жемқорлық жоғары қоғамдық қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекет пен қоғамның қалыпты жұмыс істеуін бұзатынын атап өтті.
– Сондықтан да Агенттіктің жаңа бөлімшесінің арнайы даярланған мамандары жұмысқа білек сыбана кіріседі, – деп түйіндеді О.Бектенов.