Катонқарағайда егін күні аталып өтті
Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылында егін күні аталып өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
"Егін күні-2019" атты ауылшаруашылық іс–шараға аудан әкімі және дербес бөлімдер мен басқармалардың басшылары, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары қатысып, жергілікті шаруалардың жетістіктерімен танысты.
- Аталған іс-шараның мақсаты – Алтынбел ауылдық округінің "Найман, "Сүтбай", "Құнарлы" және "Көктем" шаруа қожалықтарының тұқым дайындаудан бастап жұмыс тәжірибесімен танысу, дәнді және майлы дақылдарды өңдеу технологиясы, ағымдағы жылдың егіс науқанының қорытындыларын, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласының өзекті мәселелерін талқылау, - деп атап өтті аудан әкімі Ренат Тілеуханұлы.
Бүгінгі күні Жиенбол Старшинайұлының «Найман» шаруа қожалығы жаңа техникалармен жабдықталыпты. Астық сақтау қоймалары да жеткілікті. Қарамағында 20-дан астам адам жұмыс істейді, олар жем-шөп, отын дайындау және жеткізумен айналысады.
Қонақтар келесі кезекте "Сүтбай", «Көктем» сынды шаруа қожалықтарының тұқым мен астық сақтау үшін салынып жатқан қоймасын, ауыл шаруашылық техникаларын қарап шықты.
Осы іс-шараның аясында шаруа қожалықтарының алқаптарында дәнді және майлы дақылдардың қазіргі заманғы және перспективалы сорттарының егістері ұсынылды. 2004 жылы құрылған "Құнарлы" ЖШС-нің егістігінде директоры, жас ауыл шаруашылық тауар өндіруші Бақтияров Айдар Амантайұлы 1-ші репродукциялы "Омская 87" жаздық арпаны өсіру технологиясымен таныстырды. Сондай-ақ, "Найман" шаруа қожалығының егістік алқабында "Пионер" П63ЛЕ10 сортты күнбағысты және Қадыр Қапышевтың "Сүтбай" шаруа қожалығының алқаптарында 4-інші репродукциялы "Дария" сортты жаздық бидайды отырғызу, өңдеу, жинау технологиялары көрсетілді.
Айта кету керек, Жиенбол Старшинайұлы сынды осы ауылдың шаруа қожалық иелері ауданда және облыста ат спорты мен волейбол ойындарына демеушілік жасап, олардың дамуына көп үлес қосып жүр.
Соның дәлелі ретінде егіншілер күнінде көкпар да тартылды. Оған осы Алтынбел ауылдық округінің командалары қатысты.