Өскеменде қарызын төлей алмаған тұрғындар көшеге шықты
17 маусым күні кешке қарай Меновное және Ахмер ауылдарының арасындағы жолда көлік қозғалысы тоқтатылып, тұрғындар көшеге шықты. Олар энергетиктердің әрекетіне қатысты наразылық танытқан екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Анықталғандай, "Восход" бау-бақша серіктестігінде қарыз болып қалған тұрғындардың үйлерінде электр жарығын өшіріп тастаған. Адамдар жарықсыз ғана емес, сусыз да қалыпты. Ал көп үйлерде кішкене балалар, қарттар мен науқас адамдар бар. Жарық пен суға зәру болғандықтан, тұрғындар көшеге шығып, наразылық танытудан басқа амалы қалмағандарын айтады.
Халық жиналған жерге көп ұзамай қала әкімі Жақсылық Омар да жетті. Ол адамдардың шағымын тыңдап, үйлерге қайта жарық қостырды. Сондай-ақ, әкім жағдайдың мән-жайын анықтайтын жұмыс тобын құруға тапсырма берді.
Наразылық таныту үшін жиналған жұрт шаһар басшысына риза болып, алғысын айтып, үй-үйлеріне тарқапты.
- "Восход" бау-бақша серіктестігіндегі жағдай қазір әкімдіктің бақылауына алынды, - деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.