Тарбағатай аудандық орталық ауруханасы жаңа жүйемен жұмыс істейді
Тарбағатай ауданына арнайы іссапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов Ақсуат ауылындағы Орталық аудандық аурухананың жақында ашылған қабылдау бөлімшесін көріп қайтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Бұл бөлімшеде триаж жүйесі бойынша пациенттерге науқастардың денсаулық жағдайларына байланысты жедел, орташа және өзінің қалауы бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Бұған дейін жалпылама қалыпта көмек көрсетіліп келген болатын. Биылғы бесінші шілдеде аталмыш жүйе қолданылған қабылдау бөлімін аштық. Байқасаңыздар, бөлімнің кіреберіс есігінен бастап сызылған мұндай жолақтар арқылы жағдайы тым ауыр және орташа деңгейдегі пациенттер қажетті бөлімшелерге бағытталып, бірінші кезекте көмек көрсетілсе, дерті өміріне қауіп төндірмейтін пациенттерге екінші кезекте көмек көрсетіледі. Осылайша адам өміріне араша түсетін боламыз, – деді облыс әкімін жаңа бөлімшенің жұмысымен таныстырған орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Аштаева.
Бас дәрігердің айтуынша, пациент қабылдау бөлімшесіне келіп түскен кезде мейірбике триаж жүйесі бойынша пациентке медициналық сараптау жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша пациент дәрігердің қарауына бөлімшенің тиісті аймағына жіберіледі. Пациенттің жағдайын бағалау 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін пациент арнайы іріктеу санатының түсімен белгіленіп, білегіне бирка байланады. Бұл әдіс бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде сәтті қолданылып келеді.
Медициналық іріктеуге сәйкес шартты түрде пациенттер үш топқа бөлінеді:
- бірінші топ (жасыл аймақ) – медициналық көмекті аздап қажет ететін және одан әрі амбулаториялық емделу үшін үйіне жіберілген пациенттер және жоспарлы емдеуге жатқызылған пациенттер;
- екінші топ (сары аймақ) – қабылдау бөлімшесіндегі төсекте жатқан шұғыл немесе кезек күттірмейтін көмек көрсетуді қажет етпейтін (немесе қабылдау бөлімшесінде бірнеше сағатқа байқауға қалдырылған пациенттер), сондай-ақ диагнозын нақтылау мен саралауға қалдырылған пациенттер;
- үшінші топ (қызыл аймақ) – қабылдау бөлімшесінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттер.
Бүгінде 400-ден астам дәрігер қызмет ететін мекемеде бес бөлімше жұмыс істейді. Аурухананың ауданда 13 медициналық пункті, тоғыз дәрігерлік амбулаториясы, бір фельдшерлік-акушерлік пункті мен бір консультативтік-диагностикалық емханасы бар.
Аурухананы үнемі жаңғыртып, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырған аймақ басшысы мұндай бастамаларды құп қабылдайтынын жасырмады.
– Аудандарда тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы қажетті деңгейде болуы керек, – деді Даниал Ахметов. – Сіздердің тараптарыңыздан жақсы бастамалар болса, қолдау болатынына сеніңіздер.