Аягөздік балуан Азия чемпионатының жүлдесіне ие болды
Шығысқазақстандық балуан Исхар Құрбаев кадеттер арасындағы құрлықтық доданың қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлері бойынша Азия чемпионаты өтуде. Байрақты бәсекеге грек-рим күресінің шебері, 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін аягөздік спортшы Исхар Құрбаев та қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Алғашқы қарсыластарынан алқынбай өткен жерлесіміз тек жартылай финалда ғана ирандық Саед Муради Есмаилиге жол берді. Ал кіші финалда оңтүстіккореялық Кун Сеоп Лиден айласын асырған Исхар осылайша Азия біріншілігінің қола медаліне қол жеткізді.
Айта кетейік, чемпионатқа қатысқан тағы бір жерлесіміз жарысты жүлдеге қолсозым жерде аяқтауға мәжбүр болды. 60 келіде бозкілемге шыққан Мерей Мәулетханов қола медаль үшін кездесуде түркіменстандық Дидар Оразбердиевтен жеңіліп, чемпионатты бесінші орынмен аяқтады.
Естеріңізге салайық, дүбірлі додада еліміздің грек-рим күресі шеберлері екі алтын, бір күміс және екі қола медальға ие болды.