KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Нөсер жаңбыр, жыртылған жол. 140 шақырымдық бәйге қалай өтті? (ВИДЕО)

18.06.2019, 04:30 309

 Таңғы сағат 4:00 де аттар жарыс жолына шығатынын естіген жұрттың бәйгеге деген махаббатын түн қараңғылығы да солғындата алған жоқ. Атқұмар жұрттың дені  Көкпекті ауданына қарай бет түзеді. Өйткені ол жерде жарнамасы жер жарған 140 шақырымдық аламан бәйге басталатын еді.

Айтуға 140 шақырым болғанымен екі ауданның аралығын біз машинамен екі сағатта әрең басып үлгірдік.

Аттарды тізімдеп, жарыстың ойдағыдай өтуіне Көкпекті ауданының әкімшілігі мен атқұмар азаматтары өз көмектерін көрсетіп жатты. Таң сөгіле бастаған алакеуім шақта Көкпекті аудандық Мәдениет үйінің оркестры ұлы дала төсін шымырлатып күй төкті. Иә, қалғып тұрған қараңғы далада ат дүбірі естілді.

Жарысқа негізі 98 ат тіркелген екен, он шабандоз ұйқысынан ояна алмай қалды ма кім білсін 88 ат жарыс жолына шықты. Мәре сызығынан 4 сағат 23 минут кеткенде Шығыстан атып келе жатқан арайлы таңға маңдай сүйгізген жануарлар дүр ете түсті. Артынан жол талғамайтын көліктер мен мотоциклдерге мініп төрешілер мен қадағалаушылар кетті. Әр 30 шақырым сайын киіз үй тігіліп шабандоздар мен жүйріктердің шөл басуына жағдай жасалынады делінген...

Бұл жарысқа Ресейден, еліміздің батыс аймақтары мен Қарағанды, Алматы облыстарынан жүйріктер келген екен. Жарыс жолының жартысына дейін Қарағандының қара тұлпары мен Катонқарағайдың күреңі кезек көш бастап келе жатты. Небары үш сағатқа жетпейтін уақытта жарыстың жарты жолын аяқтатып қойған жүйріктерге риза көңілмен қош айтып Ақсуат ауданына қарай асығыс тартып кеттік. Өйткені, Ақсуат ауылы, Екпін аулындағы таңғы сағат 9:00 де тағы бір ұлы аламанның көрігі қызғалы тұрған. Ал ұлы аламандағы жүйріктердің мәресі сол атшабарда болатын еді. Сондықтан бізге мәре кескен жүйріктердің аяқ алысын сол жерден көру ыңғайлы болатын. Күнның қабағы тұнжыраңқы болғанымен, ат қосушылардың ажары ашық еді. Себебі, мұндай салқын күн аттарға өте ыңғайлы еді. Айтпақшы,  Қанаттың бокс кешіне кедергі келтірген нөсер, ат шабатын жолдағы жыртылған жолды да батпаққа айналдырыпты. Бұл Аттардың шабуына өз кедергісін келтірмей қалған жоқ.

Әйгілі Ерке жирен мен Елік жиреннің тұяғы тиген атшабарға келсек жақын маңда көлік қоятын орын жоқ болып шықты. Қаптаған халық, қайнаған базар. Жаңбырдан соң жүйріктер шаң шығармайтын шығар деп келсек, кәуаптың иісі қолқаны қабады... Ал алаңға тайлар шығыпты. Бес шақырымдық бұл бәйгеде Алматыдан әкелген Мерхат Бұлғыновтың тайы топ жарды. Елдің ерекше ықыласына бөленген тағы бір бәсеке 10 шақырымдық жорға жарысында болды. Ақсуаттық Сақа Байжасаровтың қарасы қара үзіп кеткен болатын, бірақ соңғы айналымда екінші болып келе жатқан күршімдік кәсіпкер Оразбек Базарбайұлының «Қозы күреңі» аралықты қысқарта бастағанда елдің қиқуы құлақ тұндырды. Бірақ жергілікті халықтың қуанышына орай қара тұлпар мәре сызығынан бірінші болып өтті.

Дәл осы кезде батыс жаққа қайта-қайта елеңдеп тұрған көрерменнің көзі алыстан бұлдыраған ұлы аламанның алдыңғы қарасына түсті. Елден ес кеткен... Ұялы телефондарын ұстап мәре сызығына қарай ентелеген елді тәртіп сақшылары әрең тоқтатты.   

Иә, екі ат құйрық тістесе мәреге қарай жұлдыздай ағып келеді. Бірінші болып тағы да жергілікті жұрттың қуанышына орай ақсуаттық Алмас Әмірғалиевтің күрең қасқасы келді. Жануар тың екен, жетектеген адамның алды-артын орап елеңдеп жүрді. Ал, екінші жүйрікті көргенде сүйінбей тұра алмадық. Бұл наурыз айында өткен зайсан ауданындағы 130 шақырымдық аламан бәйгеде тағы да екінші болып топ жарған катондық Қуаныш Тұрсынбековтың күрең тұлпары болатын. Ұйымдастырушылар бұл екі тұлпардың иесіне де автокөліктің кілтін ұстатты. Жалпы бұл ұлы бәйгеге тоғыз атқа жүлде тіккен еді, бірақ мәре сызығынан толықтай кесіп өткен он үш ат қана екенін ескеріп қалған аттардың да иесін құр қол қалдырмады. Күннің салқындығынан жетті, әйтпесе мұндай қашықтық малға обал десті біреулер. Шынын да атты мәреге сүйреп келгеннің не қызығы бар деген ой туды бізде қалған аттардың аяқ алысына қарап тұрып. Алғашқы екі ат мәре сызығын сегіз сағаттан астам уақытта кесті.

Бұдан кейінгі 15 шақырымдық топ бәйгеге тігілеген темір тұлпардың кілтін жармалық Қайрат Шапатов еншілесе, 25  шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген темір тұлпар алматылық Ғабит Үмбетовтің тақымында кетті.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу