Семсерлесуші Руслан Курбанов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
Семсерлесуден Токиода өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді жерлесіміз Руслан Курбанов салды.
Olympic.kz сайты хабарлағандай, семсерлесуден өткен жекелей сында Курбанов қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жартылай финалда жапондық Сатору Уямамен кездесіп, қарсыласына 11:15 есебімен жол берген-ді.
Алайда бұл сәтсіздігі те Курбановтың қола жүлде алуына кедергі бола алмады.
– Былтырғы додада үздік үштіктен тыс қалғанмын. Сондықтан биылғы жетістігіме көңілім толады. Ал ең қиын кездесу деп Олимпиада чемпионы, кореялық Сан Ен Пакпен өткен жекпе-жекті айтар едім. Енді алдағы Олимпиада ойындарына жолдама алуға тырысамын, – дейді спортшының өзі.