KZ
Өскемен
+4°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Тағы бір жерлесіміз Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды

31.03.2021, 09:56 291

 

Тағы бір жерлесіміз Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды. Дәлірек айтсақ, биыл Күншығыс елінде Қазақстанның намысын семсерлесуші Руслан Курбанов та қорғайтын болады.

Olympic.kz сайтына берген сұхбатында шығысқазақстандық спортшы лицензия алғаннан кейінгі әсерімен бөлісіп, карантин кезінде жарыстарға дайындалудың қаншалықты қиын болғанын айтты.

– «Қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Олимпиадаға іріктеу ұзаққа созылды. Карантинді қосқанда тек іріктеу сындарына ғана екі жыл уақытымызды арнауға тура келді. Лицензия алғаныма өте қуаныштымын. Біздің команда жігіттерінің құрлықтық сында жолдама алатын мүмкіндігі бар. Саблядан ерлер мен әйелдер командасы және шпагадан әйелдер командасы жолдамаға таласады. Аймақтық іріктеу сыны сәуір айында Ташкентте өтеді. Басқа қару түрлерінен де лицензия аламыз деген үміттемін. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық, бірақ, жарыс кезінде кішігірім жарақатым сыр берді. Үйге оралған соң ең алдымен сол жарақатты емдеу керек. Емделуге екі-үш апта жұмсап, кейін Олимпиадаға дайындықты бастаймын, – дейді Курбанов.

Сондай-ақ Руслан карантин кезінде жарысқа қалай дайындалғанын да айтты.

– Бір жыл бойы жарыссыз отыру оңай емес. Неге десеңіз, бізге үнемі спаррингтік қарсыластар керек. Әйтпесе бабыңды жоғалтып алуың мүмкін. Сондықтан үйде отырғанда бұрынғы жекпе-жектерге талдау жасап, тактикалық тұрғыдан дайындалдым. Физикалық жағдайымды да бақылауда ұстап, артық салмақ қоспауға тырыстым, – дейді спортшы.

Өскемендік семсерлесуші Руслан Курбанов Олимпиада жолдамасына Қазан қаласындағы жарыстан кейін ие болғанын айту керек. Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын Татарстан астанасында шпагамен семсерлесуден лицензиялық Әлем кубогы кезеңі мәресіне жеткен болатын.

Отыз жастағы Руслан Курбанов –семсерлесуден Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол сондай-ақ 2013 жылғы Универсиадада күміс медаль жеңіп алған. Бұған қоса жерлесіміздің қоржынында Әлем кубогы кезеңдерінде жеңген бірнеше жүлдесі де бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив