Медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін
Қазақстанда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілерін қорғау күшейтіледі. Сенат медициналық қызметкерлерге қызметтік міндетін атқару кезінде күш көрсетіп, заңға қайшы әрекеттер үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заңға түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Түзетулер Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізіліп отыр. Енді дәрігерге, фельдшерге немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш көрсету, қоқан-лоққы жасау жеке қылмыс ретінде қаралады.
Қылмыстық кодекс 380-3-баппен толықтырылады. Бұл бап «Медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық көлік жүргізушісіне күш көрсету немесе күш қолданамын деп қорқыту» деп аталады.
Яғни, ақ халаттыларға қатысты жасалған заңсыз әрекеттер үшін енді нақты және бөлек жауапкершілік белгіленеді.
Қоқан-лоққы жасағандарға қандай жаза бар?
Медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолданамын деп қорқытқандарға:
200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, не түзету жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын жағдайлар болса, жаза 3 жылға дейін күшейтіледі.
Егер күш көрсету өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе:
500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғаяды.
Ал медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданылған жағдайда:
5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Егер қылмыс ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза 12 жылға дейін жетуі мүмкін.
Заң дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты шабуылдар жиілеп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырған еді.
Заң шығарушылар жазаны күшейту арқылы мұндай қылмыстардың алдын алуға болады деп отыр.