Әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша тергеу басталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚМА-ға сілтеме жасап.
Әңгіме көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған пәтерлер туралы болып отыр. Тергеу материалдарына сәйкес, 2014–2016 жылдары А.Байжұманов «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған. Ол кезде пайшылардың ақшасын жымқырғаны үшін сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Астана қаласының әкімдігі бұл кооперативке қатысты кейбір тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, пәтерлерді әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беру жоспарланған.
Алайда, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз әрекеттерге барған.
ҚМА мәліметінше, күдікті «өткен күнмен рәсімделген» жалған құжаттарды пайдаланып, пәтерлерді заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.
Осы тәсіл арқылы 80-нен астам адам «жалған үлескер» ретінде жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алынған. Пәтерлер тегін алынғаннан кейін, күдіктілер оларды үшінші тұлғаларға сатып жіберуді жоспарлаған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау таңдалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ҚМА әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік тұрғын үй қорын қорғау – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Өскемен қаласында «Deineka» ЖШС құрылыс компаниясы салуы керек болған «Deluxe Town» және «Astoria» тұрғын үй кешендерінің құрылысына байланысты ұзаққа созылған сот ісі айыптау үкімімен аяқталған болатын. Келтірілген жалпы шығын 1 миллиард теңгеден асты.
Сот үкімімен күдікті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жымқырылған қаржыға сатып алынған мүлік тәркіленіп, оған 10 жылға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.